Білім Бір байқағанымыз, Жолдауда «білім» сөзі 24 рет кездеседі екен. Бұл білім саласы басты назарда екенін көрсетсе керек. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні туралы хабарды халық ерекше ықыласпен қабылдады. Президент осы мақсатта биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу керектігін айтты. Жолдаудың бір ерекшелігі – мұнда білім саласының барлық сатылары бойынша нақты міндеттер айқындалған. Мысалы, Президент орта мектеп, колледж, ЖОО үздік оқытушыларының бейнесабақтары мен бейнелекцияларын Интернетке орналастыру керек екенін атап өтті. Бұл расымен, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздарға қолжетімді әрі пайдалы дүние болары анық. Сонымен қатар бұл ауыл мен қала білімін теңестіруге жағдай жасайды деп ойлаймыз. Президент Жолдауда ЖОО бойынша да нақты міндеттер қойған. Оның ішінде Президенттің аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау туралы ойына ерекше тоқталуға болады. Себебі Елбасы мұндай оқу орындарының диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды даярлау керек екенін айтты. Агроөнеркәсіп саласының Қазақстан экономикасында алатын рөлінің ерекше екенін ескерсек, бұл жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламалары жаңартылып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибе сабақтасса, саланың дамуына ерекше үлес болары сөзсіз.